Білім беру саласында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру
Қоғам ортасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл заңнамасының негізгі бағыты болып табылады. Ал оның басты тармағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы білім беру, халық сауатын арттырып, ағартушылықты күшейту.
Әрбір адамның өмірге деген көзқарасы отбасынан бастау алады, ал оның тұлға болып қалыптасып, одан әрі дамуына зор үлес қосатын білім ордасы – мектеп. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Департаменті білім беру жүйесінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың жүзеге асуын ерекше назарға алып отыр.
Дегенмен, сыбайлас жемқорлықтың алдын-алу шараларына қарамастан, білім саласында әлі күнге дейін жемқорлық белгілері кездесіп отыр. Бұл заманымыздың өте қауіпті індеті, сол себепті тиісті амалдар қолданылуы қажет.
Сонымен қатар, Астана қаласымен бекітілген «Ата-аналардан заңсыз ақша жинауға тиым салу» бұйрығында атап өтуге болады. Бұл бұйрықта жөндеу жұмыстарына, жиһаз сатып алу, сыйлық алу үшін ақша жинауға мүлдем тиым салынған. Аталмыш бұйырықтың орындалмау фактісі байқалған жағдайда басшылар, ұстаздар мен мұғалімдер үшін тәрбие жүргізуден бастап, жұмыстан шығару амалдарына дейін қарастырылған.
Қорыта келе, салауатты әлеуметтік орта қалыптастыруда сыбайлас жемқорлыққа қарсы үздіксіз білім беру мен жастардың бойында сыбайлас жемқорлыққа деген төзбеушілікке тәрбиелеудің маңызы зор. Олай болса, заманымыздың ертеңін жасайтын жас ұрпақты білімді, саналы етіп тәрбиелеумен қатар, қазіргі қоғам дерті – сыбайлас жемқорлықтан таза тұлғаларды қалыптастыру бүгінгі ұстаздардың басты назарындағы міндеттердің бірі.
Білім беру бөлімі басшысының орынбасары А. Әбілдин